Отандық кәсіпкерлер инновацияны бренд, технологияны тренд тұтуы тиіс

7537

Бұл – жаһандық бәсекеге қабілетті болудың басты кепілі.

Отандық кәсіпкерлер инновацияны бренд, технологияны тренд тұтуы тиіс

Экспортқа бағытталған және бәсекеге қабілетті экономиканың көшін алға жылжыту үшін отандық кәсіпкерлер инновациялық бизнеске бет бұру керек. Бұл үшін бизнес өкілдеріне дәстүрлі экономиканы инновациялық экономикамен ұштастырып, заманауи техника мен технологияның тілін табу қажет.

Шикізат экспортына бейімделген экономикамен дамудың дара даңғылына сара соқпақ сала алмайтынын түсінген ел үкіметі 2003 жылдан бері индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асырып келеді. Өздеріңіз білетіндей, президенттің пәрменімен қолға алынған мемлекеттік бағдарлама инновациялық экономиканың тамырына қан жүгіртуді, өнеркәсіпті технологиялық тұрғыдан жаңғыртуды және ғылымға басымдық беретін өндіріс орындары арқылы экспорттың әлеуетін арттыруды көздейді.

Бағдарламаға ғылыми-инновациялық инфрақұрылым қалыптастыру, шағын және орта бизнес субъектілерін инновациялық қызметке тарту, салалық инновациялық жобаларды жүзеге асыру сондай-ақ инновациялық кәсіпорындар үшін маман даярлау міндеті жүктелген.

Ақиқатын айту керек, индустриялық-инновациялық даму cтратегиясы "Қазақстанда инновациялық бизнес мүлде дамымаған", – деген теріс түсінікті жоққа шығарды. Сонымен қатар елімізде инновациялық бизнес неге кенже қалып жатқанының себебін анықтап берді.

Қазақстан қайтсе кәсіпкерлердің инновацияға деген қызығушылығын арттырады, кәсіпкерлердің инновациялық бизнеске келуіне не кедергі, неге бизнес өкілдері инновациялық бизнеске жаппай бет бұрмай жатыр? Бүгін осы сауалдар төңірегінде толғанып, тақырыпты талдауға тырысамыз.

"Түсінік таяз, таным тар"
Инновациялық бизнес деген ұғымды, оның мақсаты мен міндетін сала мамандары болмаса, қарапайым халық түсіне бермейді. Түсінбейтіндердің қатарында кәсіпкерлер де бар. Қалың көпшілік IT салаға қатысы бар өндіріс орнын немесе заманауи техникамен жұмыс істеп жатқан кәсіпорынды инновациялық бизнес деп біледі. Шын мәнісінде бұл  – инновациялық бизнес емес.

Біз сөз етіп отырған кәсіптің технологиямен, ғылыммен, қаржымен, жаңа тауар түрлерімен, экспортпен тікелей байланысы болуы керек. Осы турасында "Ғылым қоры" АҚ президенті Әнуарбек Сұлтанғазин: "Инновациялық бизнес инновациялық идеядан басталады. Озық ойды бизнестің бір бөлшегіне айналдыру үшін кәсіпкерлер жаңару мен жаңғыруға жол салуға тиіс. Түсініктің таяз, танымның тар болуы кәсіпкерлерге иннновациялық бизнесті жіктеуге де мүмкіндік бермейді. Салдарынан олар инновациялық бизнестің техникалық, технологиялық, ұйымдастыру-басқару, ақпараттық-талдау және әлеуметтік жауапкершілік сынды тармақтары бар екенінен де бейхабар болады", – деді.

Оның сөзінше, инновациялық бизнеспен айналысу үшін кәсіпкерлерге қаржымен бірге білім, түсінік және таным қажет.

"Инновациялық бизнес  ғылыммен, технологиямен интеграцияланғанда ғана жемісін жегізеді. Әлем бойынша жыл сайын инновациялық бизнес деп ашылған кәсіптің 70%-ы 12 айға жетер-жетпес уақытта нарықтан жоғалып кетеді. Бүгінгі таңда бірқатар инновациялық бизнес IT және блокчейн технологиясы арқылы дамып жатыр. Инновациялық бизнестің танымалдығын арттыруға мобилді қосымшалар, әлеуметтік желілер, креативті идея мен бұрын-соңды  қолданылмаған технологиялық тәсілдер арқылы қолдау көрсетіп жатқан кәсіпкерлер де бар. Осының барлығына терең білім, түсінік және таным қажет", – деді Әнуарбек Сұлтанғазин.

Өнертабыс көп, қолданыста жоқ
Еліміздің озық ойлы адамдары жыл сайын ғылыми жаңалық ашып, патент алады. Көп жағдайда олардың өнертабысына әлемнің "ақылды адамдары" таңдай қағып, тәнті болады. Өкініштісі, Қазақстандағы инновациялық идеялар мен бизнес бастамалардың басым бөлігі ақиқатқа айналмайды. Себебі біздің кәсіпкерлер инновацияға қаржы құймайды. Олар өнертапқыштарды қолдағаннан гөрі мейрамхана я болмаса ойын-сауық орталығын салғанды жөн көреді. Ал шетелде, оның ішінде Жапония мен Кореяда керісінше, кәсіпкерлер инновациялық бизнестің тасын өрге өрлетуге тырысады. Себебі шетелдік кәсіпкерлер инновациялық бизнес арқылы ұлттық экономиканың дамуына үлес қосуды абырой санайды.

Германияда жүздеген шағын және орта инжинирингтік компаниялар Daimler, BMW, Volkswagen сынды атағынан ат үркетін компанияларға автокөлік бөлшектерін, ал Siemens компаниясына электроника әзірлейді. Дәл осы инжинирингтік компаниялар нарыққа IT саласы мен био және нанотехнологияға қатысты жобаларын да шығарады.

Финляндия, Дания, Ирландия мемлекеттеріндегі шағын және орта бизнес өкілдері де осындай іспен айналысады. Ал Ұлыбритания өз азаматтарын кәсіпкерлікке мектеп жасынан баулиды. Бұл тұрғыда Қытай да қарап отырған жоқ. Соңғы 13 жылда аспан асты елінің билігі шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 60%-ға арттырып, инновациялық бизнеске серпін берді.

Обалы не керек, озық ойлы кәсіпкерлер бізде де бар. Олар да инновациялық бизнестің ыстығы мен суығын қатар көріп жүр. Алайда мұндай кәсіпкерлердің қарасы аз, тіпті саусақпен санарлық деуге болады.

"Идея тапшылығы тығырыққа тіреп тұр"
Инновациялық бизнес туралы таяз түсінік кәсіпкерлердің көпшілігін озық технологияға сүйеніп жасалатын кәсіптен алшақтатып, бизнестің басқа бағытына  бұрады. Инновациялық бизнес деген ұғымды сәнді сөз деп қана қабылдайтын кәсіпкерлер дәстүрлі бизнестен инновациялық бизнеске ауысса, қаржылық қиындыққа тап боламын деп қауіптенеді. Бұл туралы "Қазақстан 2050" жалпыұлттық қозғалысының төрағасы Мұхтар Манкеев: "Инновациялық бизнес отандық кәсіпкерлер ойлап жүргендей интернетпен немесе жоқтан бар құрау арқылы жасалмайды. Дәстүрлі экономикада да инновация болған және бар. Инновациялық бизнес бастау үшін дәстүрлі экономикадан түбегейлі бас тартудың қажеті жоқ. Екеуін бір-біріне кіріктіруге де болады. Инновациялық бизнес үшін тың идея қажет. Ал отандық кәсіпкерлерде идея тапшы. Сондықтан олар тығырыққа тіреліп тұр", – деді Мұхтар Манкеев.

Оның сөзінше, инновациялық бизнеспен айналысатын кәсіпкер заманауи техника мен технологияны өндіріске енгізу арқылы 10 адам істейтін жұмысты екі-ақ адамға жүктеп, ай сайын өндіріп отырған 10 тонна өнімін 30 тоннаға дейін арттыра алады.

Алпауыт компаниялар емес...
Шағын және орта бизнес өкілдері инновациялық бизнесті алпауыт компаниялар ғана жүргізе  алады деп ойлайды. Шынтуайтында инновациялық бизнесті ірі компаниялар емес, шағын және орта бизнес өкілдеріне басқарса экономикалық тиімділігі мол болады. Шағын және орта бизнес өкілдері инновациялық өнімдерін ірі компаниялар мен корпорацияларға өткізе алатын дәрежеге жетуге тиіс. Осылай болғанда инновациялық бизнестің тасы өрге домалап, кәсіп иесі табысқа кенеледі. Бірақ көп жағдайда бұлай жасауға біздің бизнесмендердің қаржысы мен кәсіби біліктілігі жете бермейді. 

"Тәуекел түбі жел қайық..."
Әлемдік бизнестің тарихында қыруар қаржы тауып, дүниежүзіне танылған кәсіпкерлердің барлығы нарыққа инновациялық идеямен енген. Қалың көпшіліктің компьютер мен әлеуметтік желіні жаппай қолдануына ықпал еткен кәсіпкерлер бүгінде миллиардерлердің қатарында жүр. Себебі олар инновациялық бизнестің менеджменті мен маркетингін және мәдениетін дұрыс қалыптастырған. Көкейлеріндегі күдіктері мен күмәндарын сейілтіп, тәуекелге бел буған. Отандық кәсіпкерлерге де инновациялық бизнеске бет бұру үшін "нарықтың барлығы инновациялық өніммен толық қамтамасыз етілген, тың дүние ойлап табу мүмкін емес" деген кереғар ойдан арылу қажет. Өйткені қазір күн сайын баланың ойыншығынан бастап, ракетаның қозғалтқышына дейінгі аралықта инновациялық өнім пайда болады. Кәсіпкерлер идеяны іліп алып, оны жүзеге асыру үшін дер кезінде қаржы құйса, ұтылмайды. Бұл үшін "Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің" деген сөзге сүйеніп, инновацияны бренд, технологияны тренд тұту керек.

Инновациялық бизнес не береді?
Бизнестің дәл осы түрі ұлттық экономиканы өрге сүйреп, табысты еселейді. Шығынды азайтып, қызмет көрсетудің сапасы мен көлемін көбейтеді. Экономиканы әртараптандырып, импортты экспортқа алмастырады. Қолданысқа жаңа технология енгізіп, стартап жобаларды алға жетелейді. Сонымен қатар экономикаға мемлекеттің қатысу үлесін қысқартып, кәсіпкерлердің нарықтағы белсенділігін арттырады.

Не істелді?
Кәсіпкерлерді инновациялық бизнеске тарту үшін елімізде ұзақмерзімді индустриялық-инновациялық даму және Қазақстанды 2025 жылға дейін дамытудың мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Стратегиялық құжаттарға инновациялық бизнеспен айналысатын шағын және орта бизнес өкілдерін ынталандыру міндеті жүктелген. Күні бүгінге дейін инновациялық идеяларды жүзеге асыратын инжинирингтік орталықтар мен технологиялық парктер және мамандандырылған венчурлық қорлар құрылды. Стартап жобаларды дамытатын бизнес-инкубаторлар пайда болып, кәсіпкерлерге инновациялық гранттар беріле бастады. Жыл сайын инновациялық бизнеспен айналысып жатқан компаниялардың ең үздік ондығы анықталып, олардың насихаты мен жарнамасы жасалатын болды. Ғылымды коммерцияландыруға басымдық беріліп, инновациялық бизнес пен ғылымның интеграциясына екпін түсірілді. Робот техникасы мен нано, биотехнология саласындағы жаңа технологиялар зерделеніп, технологиялық трансферт пен шетелдің жоғары білікті инноваторлары Қазақстанға тартыла бастады. Ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары арасындағы кооперация күшейіп, ғылым, өндіріс және бизнес тізбегі жасалды. Кәсіпкерлерге ДСҰ және ЕАЭО аясында инновациялық бизнес жүргізу мүмкіндігі ұсынылды.

Не істеу керек?
Кәсіпкерлердің инновацияға деген қызығушылығын арттыру үшін бизнес-климатты жақсарту, рұқсат беру жүйесін жетілдіру, бизнес құру және мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін оңтайландыру қажет. Ал қаржы фискалдық және тарифтік саясатта жеңілдік қарастырылуы тиіс.

Бұл туралы Almaty Tech Garden автономды кластерлік қорының бас директоры Санжар Кеттебеков: "Инновациялық бизнеске бет бұру үшін отандық кәсіпкерлер әлемдік стандарт пен сертификатқа сай қызмет көрсетуі керек. Патентке, ноу-хоуға, өнертабысқа ұмтылған кәсіпкерлер табысқа кенеледі. Өз кезегінде үкімет үлкен қалалардағы бизнесті дамытуға басымдық бере бермей, инновациялық бизнесті шағын шаһарларда өрістетуге ден қойса құба-құп. Бұған қоса қаржы фискалдық және тарифтік саясатын қайта қарап, инновациялық бизнес өкілдеріне салықтық жеңілдік жасауы керек. Екінші деңгейлі банктер инновациялық идеяны қаржыландырудан бас тартса, тезге салынуы тиіс. Бүгінгі таңда тауар емес, білім сатылады. Сондықтан біз шикізаттың шырмауынан шығып, білімге, инновацияға негізделген экономика құруға талпынуымыз керек. Инновациялық бизнеске кәсіпкерлердің құлшынысын мәжбүрлі түрде арттыру мүмкін емес. Инновациялық бизнес үшін әділ бәсекелестік пен жағымды инвестициялық климат қажет", – деді.

Оның пікірінше, инновациялық бизнестің қозғаушы күші саналатын инновациялық технологияларды дамыту үшін отандық компаниялар шетелден жаңа шешімдер мен мамандарды импорттап қана қоймай, сонымен қатар өздерінің технологиялық әзірлемелерін, оның ішінде әлемге танымал шешімдерді ел нарығының ерекшелігіне қарай бейімдеуі керек.

"Инноватор-кәсіпкерлер EXPO-2017 инфрақұрылымы базасындағы Astana International Smart Technologies Hub халықаралық технологиялық хабы мен Астанадағы Назарбаев университеті және Алматыдағы инновациялық технологиялар паркінің инновациялық кластерлерімен тығыз байланыста болуы керек. Технологиялық хаб пен инновациялық технологиялар парктерінде иновациялық идея, кәсіпкерлерде қаржы бар. Ал идея қаржыландырылғанда ғана іске асады", – деді Санжар Кеттебеков.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу